Талдықорған қаласындағы облыстық наркологиялық диспансерде өрт салдарынан, алдын ала мәліметтерге қарағанда, 38 адам қаза болды - ҚР ТЖМ

АСТАНА. Қыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат - Бүгін 05 сағат 28 минутта Алматы облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің байланыс құралдарының орталық жедел басқару пультіне Талдықорған қаласындағы «Облыстық наркологиялық диспансер» мемлекеттік мекемесі ғимараты өртеніп жатқаны туралы кезекші медбикеден хабар түсті,

деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

05 сағат 29 минутта Талдықорған қаласының №1 арнайы өрт сөндіру бөлімі мен №21 өрт сөндіру қызметінің бірінші кезекші ауысымынан жеке құрамның 12 адамы мен АЦ-7-40, АЦ-8-40 және АЦ-6-40 өрт сөндіру автоцистерналары шақырылған жерге аттандырылды.

Оқиға орнына 05 сағат 33 минутта келіп жеткен жедел топ «Облыстық наркологиялық диспансер» денсаулық сақтау мемлекеттік мекемесінің мамандандырылған емдеу-профилактикалық бөлімінің 73 адам болған жатын бөлмесінің шамамен 650 шаршы метр аумағы жалынға оранғанын анықтады.  

Өрт сөндірушілер бірінші басшысының Алматы облысы гарнизонының шақыруға шығу кестесіне сәйкес 05 сағат 34 минутта өрт шыққан жерге Талдықорған қаласындағы №21, Қарабұлақ, Балпық би кенттерінің өрт сөндіру бөлімдерінің күштері мен құралдары - 23 бірлік өрт сөндіру техникасы мен 12 адамдық жеке құрамы қосымша тартылды.  «Көркейту» және «Жетісу-Су арнасы» ұйымдары сыйымдылығы 2-ден 4 тоннаға дейінгі төрт бірлік су таситын машиналармен су тасуды жіті ұйымдастырды, сондай-ақ өрт ошағынан 150 метр жерде өрт гидранттарынан магистральдық желі тартылды. Облыстың құтқарушы күштері аурулар мен медицина қызметкерлерін қауіпсіз жерге көшірді.

05 сағат 56 минутта өрт болған жерде Алматы облысының әкімі басқарған өрт сөндіру жедел штабы құрылды, оған Талдықорған қаласының барлық шұғыл қызметтерінің өкілдері енді.

06 сағат 30 минутта тілсіз жау ауыздықталды, ал 09 сағат 03 минутта толық жойылды.

Өрт кезінде мұнда 73 адам, оның ішінде 68 ауру адамдар және 5 медицина қызметкерлері болған, алдын ала мәліметтер бойынша төтенше жағдайдың нәтижесінде 38 адам қазаға ұшырады, оның 36-сы аурулар және 2-уі диспансер қызметкері. 40 адам құтқарылды және қауіпсіз жерге көшірілді, оның 37-сі аурулар және 3-уі медицина қызметкері.

Өрттің тез өрістеп кету себебі өртке қарсы қызметке кеш хабар берілгенінен болды. Төтенше жағдайды жоюға  барлығы 8 бірлік негізгі өрт техникасы, 1 бірлік арнайы өрт техникасы, ҚР ТЖМ жеке құрамының 45 адамы қатыстырылды.