«Талдықорған - Қалбатау - Өскемен» тасжолына жөндеу жүргізілмек

АСТАНА. ҚазАқпарат – Республикалық маңызы бар «Талдықорған - Қалбатау - Өскемен» тасжолына жөндеу жүргізіледі. Осыған байланысты Жетісу облысы әкімдігінің теңгеріміндегі Үйгентас орман шаруашылығының жері уақытша Автомобиль жолдары комитетіне берілмек. Тиісті қаулыға Премьер-Министр Әлихан Смайылов қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы қаулының қосымшасына сәйкес, Жетісу облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Үйгентас орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесінің орман қоры жерлері санатынан жалпы ауданы 3,7934 гектар жер учаскелерi өнеркәсіп, көлік, байланыс, ғарыш қызметі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік мұқтажына арналған жерлер және ауыл шаруашылығына арналмаған өзге де жерлер санатына ауыстырылсын. Жетісу облысының әкімі ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетілген жер учаскелерінің «Талдықорған - Қалбатау - Өскемен» республикалық маңызы бар автомобиль жолының 480-515 км учаскесін реконструкциялау (салу) үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне берілуін қамтамасыз етсін», - делінген Әлихан Смайылов қол қойған Үкімет қаулысында.

Құжатта көрсетілгендей, құзырлы орған жолды жөндеу кезінде орман алқабына келген залалды мемлекет есебіне өтейді және ол аумақты тазартуға міндеттеледі.

Қаулы алғаш жарияланған күннен, яғни 16 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді.