Сот шешімін 61 күн изоляторда жатып күткен Әділбек Ысқақов қазір отбасына оралды. Оның жазасы шартты түрге ауыстырылды. Ұшқыштың өзі оған тағылған айыппен түбегейлі келіспейді. Олар енді кассациялық сотқа шағымданбақ. Әділбек Ысқақовты ақтап алуға оның зайыбы кіріскен. Себебі өзі де әскери салада қызмет етеді.
«Жолдасыма тағылған бапты өзгертті. Ол ҚР ҚК-нің 63-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға шартты түрде сотталды. Бірақ тағылған айыппен келіспейміз, ары қарай шағымданатын боламыз», - деді Ажар Ысқақова.
Еске салайық, 2016 жылдың 21 желтоқсаны күні Талдықорған маңында түнгі жағдайда оқу-жаттығуды орындау кезінде ҚР Қорғаныс министрлігінің 21751 әскери бөлімінің Су-27 ұшағы апатқа ұшыраған болатын.
Биыл 12 қаңтар күні Талдықорғандағы әскери сотта Әділбек Ысқақов ҚР Қылмыстық кодексінің 464-бабымен кәнілі деп танылып, 4 жылға сотталды. Ал 15 қаңтарда Талдықорған гарнизоны әскери сотының төрағасы Ринат Ақпар сот шешіміне түсініктеме берген еді.
«Су-27 ұшағының жанармайын тексермей, ұшақты қабылдап, көкке көтерілгені анықталды. Ұшып бара жатқанда отынның аз мөлшері салдарынан апаттық жанармай балансын көрсететін құрылғылар іске қосылған. Алайда әскери қызметкер ұшу ережелерін бұза отырып, құрылғылардың сенімділігіне күмән келтірген. Басшысына оның жанармайының қалған бөлігі туралы шындықты айтпай, қате ақпарат берген», - деді Р. Ақпар.