Талдықорған полиция басшысының қарамағындағыларды балағаттаған сөзі желіде тарады
20:29, 21 Тамыз 2023
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу облысының полиция департаменті Талдықорған қалалық ІІБ бастығы Марат Күштібаевтың қарамағындағыларды балағаттаған аудиожазбасына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аудиожазба тексерілген.
«Нәтижесінде аудиожазбаның ескі екені және осы жылдың қаңтар айында түсірілген видеодан алынғаны анықталған. Ол кезде видеоға қатысты тергеу жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша Талдықорған қалалық полицияның басшысы наурыз айында қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылған»,- деп хабарлады ведомстводан.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Талдықорған қалалық полиция басқармасының бастығы Марат Күштібаевтің қоластындағы қызметкерлерін балағаттап жатқаны аудиожазбасы тараған еді.
Еске салайық, 2019 жылы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен Марат Күштібаев осыған ұқсас мінез-құлқы үшін Алматы облысының жергілікті полиция басшысы қызметінен босатылған болатын.