Талдықорғандық Әділжан Ғұмаровтың айтуынша, жүрегі оң жағында орналасқанын 8 сыныпқа көшкен кезде білген.
«Біздің мектепке бір топ дәрігер келіп, бәрімізді медициналық тексеруден өткізді. Кеуде тұсымды тексерген дәрігер таңқала: «Мына баланың жүрегі орныңда жоқ», деп шошығаны бар. Сосын мен айттым менің жүрегім оң жағымда орналасқан деп. Қателеспесем, 11 сынып болатын. Оны естіген сыныптастарым кезек-кезек кеудеме құлақтарын төсеп, тыңдағандары бар»,- дейді Әділжан.
Кейіпкеріміз достары қалжындап оны «Япошка» деп атайтын тілге тиек етті.
«Құрдастарым мені рулі оң жақта орналасқан көлікке теңейді. «Япошка» дейді. «Әнұран шырқалып жатқанда қолыңды оң жақ тұсыңа қоюың керек. Неге сол жағыңа ұстап тұрасың? Ол жақта емес қой жүрегің», – деп әзілдейтіндер де бар. Шынымды айтсам, ондай сөздерді көңіліме алмаймын»,- дейді ол.
Жалпы, Әділжан өзін жайсыз сезінбейді. Ең соңғы рет тексерілгенінде мамандар оң жақта орналасқаны болмаса, бәрі дұрыс, жүрегіңде ақау жоқ деп айтыпты.
Осындай ерекшелігі бар адамдар туралы маманан білу мақсатында Алматыдағы кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының кардиохирург дәрігері Мақсат Жақаевпен сұхбаттасқан едік.
- Мақсат Әбдіманапұлы жүрегі оң жақта орналасқан адамдар туралы жиі еститін болдық, мұндай құбылысқа не себеп?
- Әдетте адамның жүрегі кеуде қуысында, дәл ортасында, сәл солға қарай орналасады. Алайда, кейде жүрек оң жақта орналасатын сирек құбылыс та болуы мүмкін. Бұл жағдай декстрокардия деп аталады. Декстрокардия туа біткен және жүре пайда болуы да мүмкін. Туа біткен себептер генетикалық мутация, қоршаған ортаның әсер етуі немесе тұқым қуалаушылық болуы мүмкін. Жүре пайда болған декстрокардияда адамның жүрегі механикалық түрде кеуде қуысының оң жағына қарай ауысады, ол кез-келген жүректен тыс факторлардың әсерінен пайда болады (ауру, кеуде қуысының зақымдануы) және декстропозиция деп аталады.
- Бауыр мен жүректің бір жақта болғаны адамға салмақ түсірмей ме?
- Декстрокардия оқшауланған және оқшауланбаған болуы мүмкін. Оқшауланған түрінде - жүрек оң жақта, ал іштің қалған мүшелері (жұпсыз), мысалы, асқазан, бауыр, көкбауыр қалыпты орналасады. Оқшауланбаған декстрокардия ішкі ағзалардың толық кері орналасуымен сипатталады (органдардың транспозициясы).
Кейбір адамдарда декстрокардия тек рентгенограммалар мен ультрадыбыстық суреттерде жүректің оң жақта орналасуы анықталған кезде ғана көрінуі мүмкін. Алайда, кейбір адамдарда декстрокардия жүрек проблемалары, қан айналымы мен тыныс алу жүйесінің бұзылуымен қатар жүруі мүмкін. Оқшауланған декстрокардияның бауырға әсер етпеуіне келетін болсақ, бұл әдетте дамудың бейімделу механизмдерімен байланысты, бірақ хирургиялық түзетуді қажет ететін ауытқулар болуы мүмкін.
- Радиацияның әсерінен Семей өңірінде тұратындардың арасында да мұндай ауытқулар жиі кездеседі екен, бұл қаншалықты рас, яғни экология әсер етуі мүмкін бе?
- Декстрокардияның себептері әлі белгісіз. Жоғарыда айтылғандай, декстрокардияның себептері генетикалық мутация, қоршаған ортаның әсері немесе тұқым қуалаушылық болуы мүмкін. Иә, Қазақстанда декстрокардияның тіркелген жағдайлары бар, бірақ олардың саны мыңнан аспайды. Әрине, ұрықтың дамуына экология әсер етеді, бірақ декстрокардияның Абай облысындағы экологиялық жағдаймен тікелей байланысы бар деп айта алмаймыз, бұл деректер дәлелденбеген.
- Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтына осындай ерекше пациенттер қаралуға келе ме?
- Мұндай патология өте сирек кездеседі, статистикаға сәйкес, әлемдегі 12 мың адамның бірінде кездеседі. Біз өз тәжірибемізде жүрегі оң жақта орналасқан пациенттермен кездестік, екі жағдайда олар тек декстрокардиямен ғана емес, жүректің даму ақауларына да шалдыққан науқастар болды, туа біткен ақауларға хирургиялық түзету жүргізілді (жүрекше аралық кемістікті тігу және қарынша аралық пластика орнату).
Келесі жағдайда - бұл оқшауланбаған декстрокардиясы бар сау адам болды, оның барлық жұпсыз мүшелері оң жақта орналасқан, кешенді тексеру жүргізгеннен кейін біз ішкі органдар мен жүректің жұмысынан патология таппадық және оған әдеттегідей өмір сүріп, дәрігерге қаралып тұруын ұсындық.
- Жүрегі оң жақта орналасқан адамдарға қандай кеңес берер едіңіз?
- Декстрокардиямен науқастар ұзақ өмір сүре алады, науқастар қартайғанға дейін өмір сүрген жағдайлар бар. Сондықтан біз барлығына денсаулығын бақылауда ұстауды, жаман әдеттерден арылуды, салауатты өмір салтын ұстануды және дәрігерлерге қаралып тұруды ұсынамыз. Әрине бұл ұсыныстар барлық адамдарға, тіпті жүрегі қалыпты адамдарға да қатысты.
Рахмет!