Талдықорған тұрғыны өз баласын тұтқынға алған

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының полициясы туған әкесі тұтқынға алған бес жасар баланы құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, бүгін таңертең «Жастар» шағын ауданындағы пәтерлердің бірінде отбасылық жанжал туындағаны туралы хабар келіп түскен.

«Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы 41 жастағы ер адамның 5 жасар ұлын тұтқынға алып, баланың үстіне жылдам тұтанатын затты құйғанын анықтады. Ер адам «кімде-кім пәтерге кіруге әрекет жасаған жағдайда, баланы өртеп жіберемін» деп қоқан-лоққы көрсеткен», делінген хабарламада.

Келіссөз оң нәтиже бермеді. Сондықтан 13 сағат 15 минут шамасында полиция арнайы бөлімшесінің қызметкерлері шабуыл жасау қажет деп шешім қабылдаған.

Полицейлер жедел әрекет жасау нәтижесінде баланы босатып, аман алып қалды. Оның денесіне еш зақым келмеген. Күдікті қалалық полицияға жеткізілді. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. 


Иллюстрациялық фото