Талдықорғанда 100-ге жуық отбасына пәтер кілттері табысталды

Фото: gov.kz
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Астана күніне орай, Талдықорғанда 98 пәтерлі үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астананың 25 жылдық мерейтойы қарасаңында Талдықорған қаласындағы «Бірлік» шағынауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған 5, 7, 9 қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді.

«Талдықорған қаласында 15 мың адам үй кезегінде тұр. Ендігі біздің міндетіміз – кезекте тұрғандардың санын екі есе қысқарту. Ол үшін жылына кемінде 1500-2000 шаршы метр үй беруіміз керек. Осыған дейін кезекке байланысты түсінбеуішілік, заңсыздықтар болды. Тұрғындар кезегін цифрлық жүйеге көшірдік. Енді кез келген адам өз кезегін үйінде отырып-ақ бақылай алады. Қуаныштарыңыз ұзаққа созылсын. Осы үйде өніп-өсіп, бақытты ғұмыр кешіңіздер!» - деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев кілт табыстау салтанатында.


Бұл үйдің құрылысы 2020 жылы басталған болатын. 98 пәтердің 42-сі – 1 бөлмелі, 28-і – 2 бөлмелі, 28-і – үш бөлмелі пәтер.

Айта кетсек, Талдықорған қаласында жыл басынан бері 280 адам баспаналы болды. Енді жыл соңына дейін тағы 1 700 адам үй алады. Нәтижесінде 51 үй пайдануға беріледі. Олардың басым бөлігі көпбалалы отбасылар, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, ардагерлер мен І, ІІ топ мүгедектері.

Еске салсақ, Талдықорғанда 13 адамға оңай жолмен пәтер алуға уәде беріп, жәбірленушілердің 18 млн теңгесін иемденген 2 адам сотталды.