«Иә, 17 жастағы студенттің менингокок инфекциясынан көз жүмғанын растаймыз. Науқастың ауруы жедел түрде өткен. Ол ауруханаға жеткізілгенде жағдайы өте ауыр болған. Студенттің нақты қай оқу орнында оқығаны туралы әзірге нақты ақпарат жоқ», - деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Сондай-ақ Ғ.Жүкел науқас бүгін сағат 18:30 шамасында Талдықорғандағы көпсалалы ауруханада қайтыс болғанын мәлім етті. Оның сөзінше, студент өзге науқастардан оқшауланған.
Айта кету керек, бұл менингит дертін жұқтырып, адам өлімімен аяқталған Талдықорғандағы екінші жағдай. Бұған дейін қалада 2 жасар қыз бала инфекциялық ауруханада көз жұмған болатын. Ал жалпы облыс бойынша аталған дерттен 4-ші адам көз жұмды.