Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ұсталған күдікті Көксу ауданының тұрғыны болып шықты. Ол қазір қамауда отыр. Полицейге пышақ салған күдіктінің ішімдік ішкені анықталды.
Алматы облысы Полиция департаменті 3 мамыр күні сағат 01:15-те полиция қызметкерлеріне Талдықорған қаласының тұрғынынан автовокзалда масаң күйдегі ер адамның отбасылық жанжалға байланысты оған қауіп төндіргені туралы шақырту келіп түскенін хабарлайды.
Шақырту орнына дереу жеткен Талдықорған қаласы ПБ-нің екі учаскелік полиция инспекторын байқаған күдікті оқиға орнынан жасырынуға тырысқан.
Құқық бұзушыны қуып барып ұстамақ болған тәртіп сақшысына «Абай - Жансүгіров» көшелерінің қиылысында ол учаскелік инспекторлардың біріне пышақ салған.
Көксу ауданының 23 жастағы тұрғыны ұсталып, қамауға алынды. Қылмыс құралы — ас үй пышағы тәркіленді.
Полиция қызметкері Талдықорған қаласындағы ауруханаға жеткізілді.
«Билік өкіліне қатысты күш қолдану дерегі бойынша ҚР ҚК 380-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық іс қозғалды», - делінген Алматы облысы ПД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.