Талдықорғанда 600-ден астам кәсіпкердің шоттары бұғатталды

None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Талдықорғанда салық берешегін төлемей жүрген 625 кәсіпкердің шоттары бұғатталды. Олардың мемлекет алдындағы қарызы 500 млн теңгеге жуықтаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз бірінші салық алдында берешегі бар кәсіпкерлерге  электрондық нұсқада және пошта арқылы хабарлама жібереміз. Егер 10 жұмыс күннің ішінде  қарыз төленбесе, банктік шоттары бұғатталып, шетелге шығуға тыйым салынады. Бүгінгі күні 625 кәсіпкердің шоттары бұғатталды. Олардың салық алдындағы берешегі  490 млн  487 мың теңге. Мәселен жыл басында бұл қарыздың көлемі  775 млн 401 теңге болған. Бұл жерде жеке кәсіпкерлер мен  жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер де бар», - деді Талдықорған қалалық Мемлекеттік кірістер басқармасының мәжбүрлеп өндіріп алу бөлімінің басшысы Мәулен Турабаев.

Бөлім басшысының айтуынша, салық алдындағы қарызды өндіріп алу тек шоттарды бұғаттаумен ғана шектелмейді. Егер кәсіпкер бұл әрекетке мән бермесе, оның кассасына және жылжымайтын мүлкіне шектеу қойылады. Сондай-ақ, банктік шоттарына ақша түссе, ол қаражат автоматты түрде мемлекеттік салық алдындағы қарызды өндіруге жіберіледі.

«Егерде салық  өндірілмеген жағдайда, салық төлеушінің салықтық берешегі соммасын оның дебиторларының шоттарынан өндіріп алу жұмыстары жүргізіледі. Яғни, кәсіпкермен жұмыс істейтін компания өкілдерінен салық өндіріледі. Айта кететін жайт, салық шектеуге қойылған жылжымайтын мүлкі арқылы да өндіріледі. Демек, кәсіпкердің жеке мүлкі сатылымға қойылып, ол қаражат салық төлеушінің мемлекет алдындағы салықтық қарызын өтеуге жұсалады», -  мәлім етті  Мәулен Турабаев.