Талдықорғанда адасып кеткен 83 жастағы кейуана табылды

Фото: None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғандық полицейлер адасып кеткен 83 жастағы қарияны іздеп тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін сағат 14:00 шамасында Талдықорған қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне жергілікті тұрғындар хабарласқан.

Олар қаланың 5-шағынауданында тұратын 83 жастағы әженің таңертең үйінен шығып, қайта оралмағанына алаңдаған.

Жоғалған кейуананың киген киімі мен түр-түсі туралы хабарламаны Талдықорған қаласы ПБ патрульдік полиция ротасының № 162 борты қабылдады.

Тәртіп сақшылары шұғыл түрде жақын маңда орналасқан тұрғын үй кешендерінің ауласы мен көшелерді аралауға кіріскен.

Үш сағат ішінде полицейлер көрші шағынауданмен шектесетін тұстан адасып кеткен қарияны тапты. Тәртіп сақшылары әжейді үйіне жеткізді.

Анасының аман-есен табылғанына қуанған қызы тәртіп сақшыларына шексіз алғысын жеткізді.


Соңғы жаңалықтар