Талдықорғанда «Ақ жол» демократиялық партиясының конференциясы өтті

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда «Ақ жол» демократиялық партиясының кезектен тыс конференциясы өтті. Онда саяси ұйымның сайлау алды бағдарламасы таныстырылып, құрылтай делегаттары сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Партия төрағасы Азат Перуашев өз сөзінде алдағы Парламент сайлауына жаңа саяси бағдарлама ұсынылып отырғандығын айтты. Дөңгелек үстел барысында осы бағдарламаның жобасы пысықталды. Алты бағыттан тұратын құжат тәуелсіздік және алаш идеясы, демократия мен парламентаризм сынды тақырыптарды қамтып, барлық деңгейдегі әкімдерді сайлау сияқты мәселелерді көтеріп отыр. Сондай-ақ бағдарламада сыбайлас жемқорлықпен күреске ерекше мән берілген. Атап айтқанда, жемқорлықпен істі болған азаматтардың бостандыққа шыққаннан кейін шет ел асып кетуіне мүмкіндік бермеу.

«Ақ жол» партиясы сыртқы саясаттан да тыс қалмақ емес. «Біз бұл жерде мемлекетіміздің тұрақтылығына, еліміздің мықтылығына баршамыз ерекше мүдделі болуымыз керек деп білеміз. Және де қандай да бір өзгерістер жоспарлы әрі мемлекетіміздің мүддесіне сай болу керек», - деді Азат Перуашев.