Талдықорғанда ақиық ақын Мұқағалиға арналған мүшәйра өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет үйінде Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен ақиық ақын М.Мақатаевқа арналған жазба ақындардың «Поэзия, менімен егіз бе едің?» атты республикалық байқауы өтті. Шараның шымылдығын ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Махаббат Бигелдиев байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлайды.

Биыл бұл байқау облыс әкімінің қолдауымен 5-ші мәрте өткізіліп отыр. Оған республикамыздың әр түкпірінен келген 20-30 жас аралығындағы 20 жас ақын қатысты. Байқау Мұқағалидың қуатты да көркем шығармаларын насихаттау, ұлы ақын мұрасы арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, жас талантты ақындарды тану, өлең құдіреті арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді мақсат етті.

Олар байқау шарты бойынша Мұқағали ақынға арнаған арнау өлеңдерін және тіл тақырыбына жазған өлеңдерін оқыды. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Жанарбек Әшімжан төрағалық еткен қазылар алқасы Бас жүлдеге алматылық Шерхан Талап лайық деп тауып, оған 100 мың теңге ақшалай сыйлық тапсырылды.

1-орынға павлодарлық Жарқынбек Амантай, 2-орын астаналық Сырым Әуесхан мен Сыр елінен келген ақын Ұлықбек Тәңірбергенге беріліп, оларға 80 мың теңгеден ақшалай сыйлық берілді.

Ал үшінші орын үш ақынға ұсынылды: олар - Маңғыстау облысынан келген Алтынбек Алибаев, қарағандылық Жақыннұр Болысхан және жетісулық Думан Алтынбекұлы. Олардың әрқайсысы 60 мың теңгеден ақшалай сыйлыққа ие болды.

Сонымен қатар «Арнайы жүлде» және ынталандыру сыйлықтары да табысталып, қатысушылардың барлығы жүлдемен қайтты.