Өңір басшысы Президенттің бағдарламалық мақаласы соңғы күндерде ел өміріндегі қоғамдық-саяси маңызы зор оқиғаның бірі болғанын ерекше атап өтті. Онда Елбасы экономикалық және саяси жетістіктерімізді дамыту жолында рухани қорымызды барынша байытатын көп салалы жаңа бағдарламасын ұсынып отырғанына тоқталды.
- Ел Президенті қоғамның рухани жаңғыруына халықтың дәстүрі мен ұлттық мәдениеті негіз болуы тиіс екенін айтты. Мұндай бағытты ұстану кешегі күн мен бүгінді, бүгін мен ертеңді жалғастырады. Сондықтан біздің міндетіміз Мемлекет басшысының тапсырмасын орындай отырып, мақалада көрсетілген жобаларға басты назар аудару, - деп атап өтті А. Баталов. Басқосуда философия ғылымдарының докторы, профессор, «Мәңгілік ел» ғылыми-білім беру орталығының жетекші ғылыми қызметкері Аманжол Қасабек, «Алматы облыстық славян қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Наталья Белик, облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің бас редакторлары Әміре Әрін мен Атсалим Идигов, Өңірлік коммуникациялар қызметінің журналист-модераторы Галина Митковских шығып, өз ой-пікірлерін білдірді. Үштілділік саясат, латын әліпбиіне көшу, қазақстандық бірегейлік туралы сөз қозғаған спикерлер Президенттің бұл рухани жаңару бастамаларына бір кісідей атсалысу қажеттігін алға тартты. Актив отырысын түйіндеген облыс әкімі А. Баталов:
- Қоғамдық сананы жаңғыру жөніндегі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың идеясы - еліміздегі конститутциялық, экономикалық реформалардың заңды жалғасы. Мақалада жаңа заман көшіне ілесіп, өркениетті ел болу үшін ұлттық сананы сақтау мен өрістетудің нақты жолдары ұсынылған. Осы бағдарламалық құжатқа сәйкес Жетісу өңірінде бірлік пен татулықты, рухани келісімді, экономикалық даму үрдістерін сақтау мақсатында атқарылатын нақты жұмыстар 1 мамырға дейін айқындалуы тиіс, - деп тиісті құрылымдарға нақты міндеттер жүктеді.
Сондай-ақ облыс басшысы әрбір аудан, қалалардағы тарихи, мәдени ескерткіштердің тізімін жаңартуды, жастарды елжандылыққа тәрбиелеу ісін күшейтуді, халықтың рухани және моральдық құндылықтарын нығайту бағытындағы жұмыстарды ширатуды тапсырды.