Талдықорғанда Алматы облысының үздік оқушыларын облыс әкімі құттықтады (ФОТО)

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда Алматы облысының үздік оқушыларын облыс әкімі А. Баталов құттықтады. Биыл өңірдегі «Алтын белгі» иегерлерінің саны - 214.

«Бүгін үздік оқушыларлы қошеметке бөлеп отырмыз. Олар өздерінің білімділігімен, ой өрісінің кеңдігімен, талаптылығымен «Алтын белгі» иегері атанып отыр, - деді құттықтау сөзінде  аймақ басшысы А. Баталов. - Бұл сіздердің жеке жеңістеріңіз және мұғалімдердің, ата-аналарыңыздың еңбегі».

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы: «Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Жаңа құндылықтар жастардың жүрегіне тезірек жол табады», - деген еді. Адамзат баласы өмір бойы білім алады. Өйткені білім - таусылмас қазына, баға жетпес байлық. Біз Сіздерден жаңалыққа жаны құмар, әлем өркениетіне жақын, озық ойлы жастар ретінде үлкен үміт күтеміз, - деді А. Баталов.

Облыс әкімінің сөзіне қарағанда,  білім саласына мемлекет көп қолдау көрсетіп жатыр. Озық құралдар мен жаңа оқу материалдары бар жаңа мектептер салынды, оқытудың үздік әдістері қолданылды, спорттық жарыстар мен барлық деңгейдегі олимпиадаларға қатысуға мүмкіндік болды.

Осылайша, биылғы жылы облыста 214 түлек «Алтын белгі» төсбелгісіне, 171 оқушы ерекше үлгідегі аттестатқа ие болды. 28 оқушы 120 балдан жоғары көрсеткішке ие болды. Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы да өткен жылдан жоғары болып, орташа көрсеткіш - 80 балға жетті.

Бұл орайда ҰБТ нәтижесі бойынша ең жоғары - 124 балды Кербұлақ ауданы Қарашоқы ауылындағы орта мектептің түлегі Талшын Шоқаева алды. Жамбыл ауданынан Жұлдыз Балтамұратова, Іле ауданынан Аружан Есентұр, Қарасай ауданынан Юлия Сабирова, талдықорғандық Зарина Төлегеновалар 123 ұпайға ие болды.