Талдықорғанда «Аналарға тағзым» ескерткіші салынуы мүмкін

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласында "Аналарға тағзым" ескерткіші салынуы мүмкін. Мұндай идеяны облыс əкіміне "Егемен Қазақстан" газетінде талай жыл еңбек еткен  зейнеткер журналист Күмісжан Байжан ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дəл қазір өңір басшысы Амандық Баталов Жетісу жерінің нəзік жандарын халықаралық əйелдер күнімен құттықтады. Амандық Баталов өз сөзінде атап өткендей, қазір Алматы облысындағы бизнес субъектілерінің 40 пайызға жуығын қыз-келіншектер басқарып, жоғары көрсеткішке қол жеткізуде. Салтанатты жиын барысында құрметке бөленген аналар мен нәзік жандылар ризашылығын білдіріп, өз ұсыныстарын да жеткізді. Зейнеткер журналист Күмісжан Байжан облысқа аналарға тағзым ететін ескерткіш қажет екенін айтты. Өңір басшысы бұл идеяны қолдады.

"Өте жақсы идея. Мен қолдаймын. Болашақта  "Аналарға тағзым" ескерткіші Талдықорғаннан бой көтерсе  қандай керемет", - деді А. Баталов.