Талдықорғанда екі зейнеткерді алдап кетті

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда телефон алаяқтығының екі фактісі тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ІІМ-не сілтеме жасап.

«Зейнет жасындағы екі әйелдің де қыздары автокөлікті өздері жүргізеді. Алаяқтар екі зейнеткерге телефон соғып, екі жағдайда да олар өздерін тәртіп сақшысымыз деп таныстырған. Олар бір сценарий бойынша жұмыс істейді: қызыңыз адамды қағып кетті, ауыр халде ауруханаға жатқызылған адамға, сондай-ақ көлік апаты фактісі бойынша қиындықтарды «шешуге» шамамен 5 млн теңге қажет деп қоңырау шалады.

Жәбірленушілердің бірі алаяқтарға 3,5 млн теңге берсе, екіншісі 1 млн теңгеден айырылған», - деп жазды ведомстводан.

Полиция азаматтарға алаяқтардың айла-қулықтарына түсіп қалмауды ескертті. Бейтаныс адамдармен, әсіресе телефон арқылы сөйлескенде қырағы және абай болу керек. Полицейлер алаяқтардың әрекеті туралы білген жағдайда, дереу хабарлауды сұрайды.