Талдықорғанда ет комбинатының іргетасы қаланды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда ет комбинатының іргетасы қаланды. Бұл  Қазақстан мен Қытай инвесторларының бірлескен жобасы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.



«Лунюань Жетісу» деп аталатын ет өңдеу комбинатының құрылтайшысы белгілі кәсіпкер - Болат Әбілов. Айтуынша, жобаның алғашқы кезеңінде 15 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылады. Ал, кластер толық іске қосылғанда, инвестиция көлемі 80-100 млн АҚШ долларына жететін болады. «Бүгінде «Лунюань Жетісу» компаниясы ресми түрде Талдықорғанға тіркеліп, есепшотын ашты. Алдағы уақытта мұнда тек жергілікті азаматтар жұмыс істейтін болады» деп атап өтті кәсіпкер өз сөзінде.

 

«Лунюань» компаниясының жетекшісі Ян Гуань Хуаның айтуынша, бұл ет комбинаты ғылыми жетістіктерге негізделген, экологиялық сапалы, стандартқа сай өнім шығаратын болады. «Біз тек пайда табу үшін келіп отырғанымыз жоқ. Екі мемлекет басшыларының келісімін орындау үшін және қоғам алдындағы жауапкершілігімізді сезіне келіп отырмыз. Алдағы уақытта осы сөзіміздің дәлелі ретінде өңірге балабақша ғимаратын салып беретін боламыз», деді қытайлық инвестор. Қазақстан мен Қытайдың бірлескен ет комбинатының құрылысы қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланып отыр.   Сою және технологиялық желі жылына 50 мың бас ірі-қараны союға есептелген.