Талдықорғанда етті қымбат сатқан кәсіпкерлер сауда орнынан қуылды

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Талдықорғанда коммуналдық базарда ет бағасын көтергендермен келісімшарт тоқтатылды, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Дәстүрлі сенбілік жәрмеңкеде ет бағасын негізсіз қымбаттатқан кәсіпкерлер сауда орнынан қуылды. Олар сиыр, қой етіне бір баға қойып, өздері екінші бағамен саудалаған. Дәлірек айтқанда 1200 теңге деп көрсетілген етті арнайы комиссия жүріп өткеннен кейін 1500 теңгеге сатып отырған.

Тұрғындардың наразылығын ескерген қала әкімшілігі 13 кәсіпкермен келісімшартты бұзды. Тағы 4 ет сатушыға ескерту жасалды. Жалпы «Жерұйық» коммуналдық базары баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында ашылған. Негізгі азық-түлікті қаладағы басқа да базарлармен салыстырғанда арзанырақ сатуды көздейді. Ол үшін бұл жерде сауда жасайтындарға жеңілдіктер қарастырылып отыр.