Талдықорғанда халық көп жүретін жерлер дезинфекцияланып жатыр

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласында коронавирустың алдын алу, таралуына жол бермеу мақсатында залалсыздандыру жұмыстары күшейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халық көп жүретін жерлер, ойын алаңдары, саябақтар мен скверлер, сондай-ақ аялдамалар арнайы қоспамен өңделіп, дезинфекцияланып жатыр. Облыс орталығының тазалығына жауапты кәсіпорын арнайы техникамен қамтамасыз етілген.

Мамандардың айтуынша, залалсыздандырғыш қоспалар да жеткілікті көлемде. Әмбебап көліктер бір мезетте көшелерді жуып-шайып, жол жиегін, орындықтарды өңдеуге мүмкіндік береді. Дезинфекция жұмыстары еліміздегі жарияланған төтенше жағдай алынғанша жалғасады.

«Дезинфекция жұмыстарына гиппохлорид натрий қоспасын қосып отырмыз. Суға қосып жасап жатырмыз. Бұл жұмыстар адам көп жүретін жерлерде - екі рет, адам аз жүретін жерде - бір рет күнделікті жасалады», - деді «Талдықорған-Көркейту» ЖШС директоры Владимир Қауысбеков.