Сайыс ережесіне сәйкес, қатысушылар 20 жастан асқан болуы тиіс. Ансамбль құрамы 8-10 адамнан аспауы шарт. Ұжым мүшелері арнайы ұлттық киімде өнер көрсетуі керек. Ансамбльдің және жеке орындаушының репертуарында қазақ композиторларының 1 шығармасы (күй, ән) орындалуы шарт. Қатысушылар фестивальге 5 қазаннан бастап келеді. Талдықорған қаласының бірнеше жерінде концерттік бағдарламалар қойылады. Текелі қаласындағы демалыс аймағында орындаушылардың шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. 7 қазанда Гала-концерт ұйымдастырылып, қатысушылар бағалы сыйлықтармен, дипломдармен марапатталады.
Айта кету керек, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында облыста көптеген игі істер жүзеге асуда. Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы осы бағдарлама негізінде 28 ауқымды жоба ұсынып отыр. Сол ірі жобалардың бірі - халықаралық «Мәңгілік елдің мәңгілік сарыны» этно-фестивалі.
«Шара мақсаты - түркі тілді халықтардың дәстүрлі музыкалық мұрасын көпшілік қауымға насихаттау, дәстүрлі өнерге бет бұрған өнер иелерін ынталандырып, құрмет көрсету. Қазақтың дәстүрлі музыкасы арқылы әлемдік өркениетке қосқан үлесін кеңінен насихаттау, ұлттық, фольклорлық өнердің дамуына ықпал жасау, фольклорлық ансамбльдердің репертуарларын дамыту, өзара шығармашылық байланыс орнатуына ықпал жасау, оларға жан-жақты қолдау көрсету», - дейді ұйымдастырушылар.
Фестивальге «TURKSOY» Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы қолдау көрсетуде.