Талдықорғанда қайтыс болған баладан менингит анықталмады - Денсаулық министрлігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулықты сақтау комитеті Талдықорғанда баланың менингиттен өлуіне қатысты түсінік берді. Бұл жайында аталған ведомствоның баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулықты қорғау комитеті мамандарының мәліметінше, Талдықорған қаласындағы №1 балабақшада қайтыс болған баланың минингитті сол тәрбие беру ұйымында жұқтырмағаны анықталды. ҚР ДСМ ҚДҚК мамандары эпидемияға қарсы қажетті барлық зертханалық шараларды жүргізді. Бактериологиялық зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, аталған мектепке дейінгі мекеменің бірде-бір қызметкерінен және тәрбиеленушілерінен ауру белгілері табылған жоқ. Бұл қайғылы жайт бірінші рет болып отыр. Бұл, баланың ауруды балабақша аумағынан тыс жерде жұқтырғанын көрсетеді», - делінген таратылған ақпаратта.

Ведомствоның атап өтуінше, қаза болған баламен байланыста болған барлық адамдарды медицина қызметкерлері тексеріп, дер уақытында оқшаулады. Балалар мен ересек адамдар 10 күн бойы дәрігерлердің бақылауында болады.

«Осы жылдың 30 маусымында менингококк инфекциясын жұқтыру күдігімен инфекциялық ауруханаға түскен екінші балаға қатысты айтарымыз, алдын ала жүргізілген зертханалық зерттеулер теріс нәтиже көрсетті. Қазіргі уақытта бала ем алып жатыр және дәрігерлердің бақылауында», - деп хабарлады министрліктен.

Естеріңізге сала кетсек, 29 маусым күні Талдықорғандағы облыстық балалар ауруханасында 4 жастағы сәби минингит диагнозымен түсіп, сол күні көз жұмған еді.