Талдықорғанда көлігін дұрыс қоймаған жүргізушілерге 91 млн теңгеден аса айыппұл салынды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Талдықорғанда 6 мыңға жуық жүргізуші көлігін дұрыс қоймағаны үшін айыппұл арқалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талдықорған полициясының қызметкерлері автокөліктерді тұраққа қою ережелерін бұзатындарды анықтау бойынша іс-қимылды жандандырды.

«Көлік құралдарын жол бойында қалдыратын және тоқтау мен тұрақтауға тыйым салынған басқа да жерлерге қоятын жүргізушілер жол қозғалысын едәуір қиындатады. Бұл мәселе әлеуметтік желілерде де қайта-қайта көтеріліп жүр. Қала тұрғындары бұл мәселені түбегейлі шешуді талап етеді. Бұл жүргізушілердің көпшілігі біздің қаламызда тұрады», - деді патрульдік полиция ротасының командирі Руслан Примжанов.

Жыл басынан бері көліктерін дұрыс қоймағаны үшін 5 961 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы сомасы 91 млн теңгеден астам айыппұл салынды.