«16 шілде күні сағат 08:56-да облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне Талдықорған қаласы Көктем шағын ауданындағы көппәтерлі тұрғын үйде газдың иісі шығып жатқандығы жөнінде хабарлама түсті. Шақырту орнына ТЖД, газ қызметі, жедел медициналық көмек және полиция бөлімшелері жіберілді. Шақырту орнына келген ТЖД қызметкерлері көп пәтерлі тұрғын үйді аралау барысында газдың иісі алтыншы қабаттағы пәтерден шығып тұрғаны анықталды. Бірақ пәтердің есігін ешкім ашпады. Газдың таралуын тоқтату мақсатында ТЖД қызметкерлері пәтерге балкон арқылы кіру туралы шешім қабылдады. Пәтер ішіндегі төсекте 1985 жылы туған ер адам жатқан. Ол құтқарылып, табиғи газбен улану белгілері бар екені байқалған соң жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды. Әрі қарай Талдықорған қаласының медициналық мекемесіне жатқызылды», - делінген облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, пәтер ішін тексеру кезінде табиғи газ шүмегі сәл ашылып тұрғаны анықталған.