Талдықорғанда кореялық дәрігер тегін ота жасады

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда 45 жылдық еңбек өтілі бар кореялық дәрігер сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан 2 әйелге тегін ота жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Инхва университеті жанындағы әйелдер онкологиялық орталығының директоры Пэк Нам Сонның отасын   телемедицина арқылы аудан, қалалардағы онкологтар мен маммологтар көріп отырды. Осылайша әлемдік деңгейде мойындалған білікті маман өз тәжірибесімен бөлісті.
 

 Алматы облысының орталығына медицина ғылымдарының докторы Пэк Нам Сон арнайы шақыртумен келген. Онколог дәрігер бұл жолғы сапарында жергілікті медицина саласының қызметкерлерімен кездесіп, шеберлік дәрісін өткізді.  Сүт және қалқанша безінің қабынуын емдеу жолдары талқыланған басқосуда шетелдік мейман білгенімен бөлісіп, ақыл-кеңесін айтты. Қатысушылар тарапынан қойылған сан түрлі сауалдарға жауап берді. 45 жылдық еңбек өтілі бар дәрігер корей, жапон және америка медициналық қауымдастықтарының мүшесі.