Талдықорғанда коронавирус жұқтырған соңғы науқас ауруханадан жазылып шықты
Өкпесінің 50 пайызы қабынған Шолпан Өскенбаева жансақтау бөлімінде 5 күн жатып, дәрігерлердің арқасында аман қалды. Пандемия кезінде жедел тұрғызылған емдеу мекемесі 4 мыңнан астам сырқат адам қабылдап, емдеп шығарды. Олардың төрттен бір бөлігі аса ауыр жағдайда түскен. Бұдан былай аурухана өзге де инфекциялық ауруларды емдеп, бір бөлігіне балалалар бөлімі ашылатын болады. Себебі қаладағы облыстық балалар инфекциялық ауруханасының ғимараты тарлық етіп келген.
«Дәрігерлерге алғысым шексіз. Ауруханада 16 күн жаттым. Мықты дәрігерлердің арқасында емделіп шықтым»,- деді Талдықорған қаласының тұрғыны Шолпан Өскенбаева.
«Осы инфекциялық аурухана ары қарай жұмысын жалғастырады. Бұл жұмыс біздің алдағы уақытта жалпы инфекциялық ауруларға толығымен дайындық үстінде»,- деді Талдықорғандағы модульдік инфекциялық аурухананың реанимация бөлімінің меңгерушісі Қуат Әбітаев.
Естеріңізге сала кетсек, 2020 жылы Талдықорған қаласында 55 күнде салынған 200 орындық заманауи модульді инфекциялық аурухана қолданысқа берілген болатын.