Талдықорғанда қос білім мекемесінде IT орталық ашылды
Облыстағы алғашқы IT орталықта колледж мұғалімдері электронды үкімет порталымен жұмыс істеп, жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін игереді. Сондай-ақ, робототехниканың негіздерін меңгеретін болады. Мамандардың айтуынша, әзірге екі IT сыныбында 800-ден аса адамды оқыту жоспарланған. Жаңадан ашылған орталықта IT технологияны жетік меңгерген оқытушылар сабақ береді.
«Қазір оқуға облыс аудандарындағы колледж мұғалімдері қабылданды. Олар ақпараттық технологиялар бойынша білімін арттыратын болады. Әзірге курста әртүрлі жастағы, әртүрлі деңгейдегі 20 адам оқып жатыр. Қатарында тәжірибелі ұстаздар да бар. Жыл соңына дейін 80 адамды оқыту жоспарланып отыр. Бағдарламаға сәйкес, барлығын оқытып үлгереміз деп ойлаймын», -деді Талдықорғандағы политехникалық колледж директорының орынбасары Райгүл Абдолданова.
Облыстағы "IT мамандарды даярлау" мен жаңа технологияларды меңгеру бағдарламасы 2020 жылға дейін жалғаспақ. Осы уақыт аралығында 8000-нан аса бала мен 50-ге жуық кәсіби маманды дайындау жоспарланған. Осыған сәйкес, облыстық партия қызметкерлері аудандарда да айти сыныптарын ашып, оны қажетті құрал жабдықтармен қамту жұмыстарын қолға алуды жоспарлап отыр.