Талдықорғанда мемлекеттік қызметкерлерге әдеп сабақтары оқытыла бастады

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы өзін-өзі басқару академиясының Алматы облыстық филиалында әдеп сабақтары оқытыла бастады. Дәрісті Алматы облысы бойынша әдеп жөніндегі уәкіл жүргізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы жыл басында ашылған академия қабырғасында 600-ден астам мемлекеттік қызметші қайта даярлау курсынан өтіп, біліктіліктерін арттырды. Ал әдеп жөніндегі уәкілдің институты «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 12-ші қадамын жүзеге асыру мақсатында енгізіліп отыр. Бүгінгі таңда облыста 41 әдеп жөніндегі уәкіл белгіленді. Олар әсіресе жас мамандардың халыққа қызмет көрсету барысындағы әдебіне жете көңіл бөлетін болады.

Мемлекеттік қызметшілерге алғашқы лекцияны Алматы облысы бойынша әдеп жөніндегі уәкіл Талғат Өмірәлиев оқыды. Бірнеше ауданды басқарып, мол тәжірбие жинаған ардагер қызметкер жас мамандардың халықпен жұмыс істеу барысында өте ұқыпты, әдепті және мәдениетті болғанын қалайды. Бірінші сабақта өз тәжірбиесімен бөліскен уәкіл болашақта мұндай дәрістерді өзге мемлекеттік басқару құрылымдарында жүргізілетінін атап өтті.