Іріктеу кезеңі үш номинация бойынша өтті. Дәстүрлі ән, терме айтып, күй тартуда бақ сынаған қатысушыларға «Мен Қазақпын» жобасының жеңімпазы Бейбіт Мұсаев, айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов пен күйші Талғат Оразаев төрелік етті. Тартысты бәсекеде дәстүрлі ән номинациясында Еңбекшіқазақ ауданынан келген Қайрат Бектұрсын үздік деп танылса, терме орындауда Жамбыл ауданының өнерпазы Есбол Шанбаев топ жарды. Ал күй шертуде «Алатау әуендері» концерттік бірлестігі атынан шыққан күйші Танат Сәденов жолдама алды. Енді жеңімпаздар Qazaqstan Ұлттық телеарнасы арқылы көрсетілетін республикалық «Мен Қазақпын» мега-жобасына қатысып, бақтарын сынайды.
Айта кету керек, былтыр шымылдығын түрген «Мен Қазақпын» жобасында дәстүрлі ән номинациясының бас жүлдесін жетісулық әнші Бейбіт Мұсаев еншілеген болатын.