Талдықорғанда өтетін Азия чемпионатында алғаш рет 27 елдің спортшылары бақ сынамақ

АЛМАТЫ. Мамырдың 7-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ауыр атлетикадан мамырдың 11-15 күндері Талдықорғанда өтетін Азия чемпионатында алғаш рет құрлықтың 27 елінен 250 спортшы қатысады. Оны бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихаты кезінде Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Анатөлі Құлназаров айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Ерлер мен әйелдер арасындағы Азия чемпионатының Қазақстанда өтетіні 2008 жылғы Бейжіңдегі жазғы Олимпиада ойындарынан кейін белгілі болды. Онда біздің спортшылар 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медальге ие болды. Қазір Еуропа чемпионаты аяқталды. Сол себепті елдің бәрі Талдықорғанға келген атлеттердің өнерін қадағалап отырады. Өйткені Олимпиададан кейін ауыр атлетиканың орталығы Еуропадан Азияға ауысты», дейді Анатөлі Қожекенұлы. Оның айтуынша, бүгін Алматыға Бүкіләлемдік ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Мин Ван Чуан келмек. Қытай Халық Республикасының спорт вице-министрі бұл қызметке жақында өткен Халықаралық ауыр атлетика федерациясының конгресінде сайланған болатын. Ал Қазақстан Республикасының Ауыр атлетика федерациясының президенті Болат Тұрлыханов Атқару комитетінің мүшесі боп сайланған болатын.