Талдықорғанда Президент шыршасына 200 бала қатысты

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғандағы Президент шыршасы «Жаса, жайна Қазақстан!» тақырыбында өтті. Шараға Алматы облысының 17 ауданы мен 3 қаласынан 200 бала қатысты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мерекелік кеште жылдың төрт мезгілі түгенделіп, әр мезгіл ән-жырмен көркемделіп отырды. Үлкен экраннан балауса балдырғандар Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ақ жарма тілегін таңдап, сыйлықтарын алды. Барша балаға қыстық жылы күртеше, бас киім мен аяқ киім, спорт костюмдері тарту етілді. Ал оқушы сөмкесіне оқу құралдарынан бөлек Елбасы кітабы және мерекелік жеделхаты табысталды.

 Ертегі әлемінің танымал кейіпкерлері, цирк өнерпаздары әр бүлдіршіннің көңілін аулап, қуаныштарын еселеуге тырысты. Аяз Ата, Ақшақармен шыршаны шыр айналған кішкентай қонақтарға тәтті дастархан әзірленді. Жалпы Алматы облысында 390 мыңнан астам оқушы бар. Елбасы шыршасына ең үлгілі, тәртіпті, озат оқушылар келді.