Талдықорғанда сараланған тарифтер тетігін енгізу мәселелері талқыланды
Кеңесте су мен электр қуатын үнемді пайдалануға, шикізаттардың, материалдардың шығын нормаларын оңтайландыруға, табиғи монополия субъектілерінің өз инвестициялық міндеттемелерін орындауына бағытталған сараланған тариф тетіктерін енгізу мәселелері талқыланды.
Айта кету керек, өңірде ағымдағы жылдың тамыз айының 1-інен бастап «КЕГОК» компаниясының желілері бойынша қызмет көрсетудің бірыңғай тарифін енгізу «ЖетісуЭнергоТрейд» ЖШС үшін электр қуаты тарифтерінің деңгейін 1 кВт/сағат үшін (қосымша құн салығын қоса есептегенде) 12,04 теңгеге дейін төмендетуге мүмкіндік беріп отыр.
2008 жылдың маусым айынан бері облыста тәулік мезгілдері бойынша электр қуатының сараланған тарифтері қолданылып келеді. Тәулік мезгілі бойынша сараланған тарифтер енгізуден тұтынушылардың үнемделетін қаржысы Алматы облысы бойынша 406,8 миллион теңгені құрайды.
Агенттік басшысы Нұрлан Алдабергенов өз сөзінде атап көрсеткендей: «сараланған тарифтерді енгізу 150 миллионға жуық кВт/сағат электр қуатын үнемдеуге, 30 мың тонна дерлік көмір үнемдеуге (500 вагон), шығарылатын зиянды қалдықтарды (күл) 13,55 мың тоннаға төмендетуге мүмкіндік береді. 2009 жылы сараланған тарифтен келген пайда Қазақстан бойынша 2 миллиард теңгені құрады. Бұл тұтынушылардың үнемделген ақшасы».