Талдықорғанда студенттердің фестивалі басталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда «Менің Қазақстаным: Студенттік көктем-2019» атты жастардың фестивалі басталды. Шараның ашылу салтанатына өңірдегі жоғары және арнаулы оқу орындарынан 500-ден аста студент қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фестивальді жастар жылы аясында Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті мен Алматы облыстық жастар саясаты басқармасы ұйымдастырды.

Салтанатты шараны аталған университеттің ректоры Қуат Баймырзаев ашып, басқосудың маңыздылығы мен мәніне тоқталды. Белсенді жастарға сәттілік тілеп, фестиваль барысындағы байқауларда оза шабуға тілек білдірді. Жетісу жерінде алғаш ұйымдастырылып отырған шараның мақсаты - жастардың қоғамдағы белсенділігін арттырып, шығармашылық шеберлігін шыңдап, дарынды студенттерге қолдау көрсету. Байқауда студенттер төрт бағыт бойынша бақтарын сынайды. Яғни, «Отаным - Атамекенім!» патриоттық әндер конкурсына қатысып, «Ұшқыр ойлы Жетісулық жастар» атты пікір-сайыс турнирінде тіл байлығын байқап, «Жайдарлы жастар» жайдарман ойынында тапқырлығын өзара сарапқа салып, спорт алаңында футболдан бақ сынайды.

«Менің Қазақстаным: студенттік көктем-2019» атты облыстық студент-жастар фестивалі 30 мамыр күні кешке «Жастар» мәдени-демалыс саябағында аяқталады.

Шара эстрада жұлдыздарының қатысумен өтетін Гала концертке ұласып, жеңімпаздар марапатталады.