Талдықорғанда түлектерге соңғы қоңырау онлайн форматта өтті
«Бүгін Алматы облысында 428 558 оқушы оқу жылын аяқтады. Оның 18 мыңға жуығы - 11 сынып түлектері. Оның 1521-і - «Алтын белгі», 1055-і - үздік аттестатқа үміткер. Талдықорған қаласында соңғы қоңырау мектеп түлектеріне онлайн форматта өтті. Себебі шаһар коронавирусқа байланысты қызыл аймақта» деп мәлімдеді Алматы облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінен.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, жалпы Алматы облысында 690 мектепте соңғы қоңырау салтанатты түрде өткен.
«Талдықорғаннан бөлек, соңғы қоңырау мерекесі 9-11 сыныптың оқушыларына және 300 оқушыға дейінгі контингенті бар 690 мектепте салтанатты түрде өтті. Жиын өңірлік бас санитар дәрігерлердің келісімі бойынша мектеп аумағында, ашық алаңда барлық санитарлық талапқа сәйкес ұйымдастырылды»,- деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметі.
Мәселен, Сарқан ауданында 420 түлек үшін соңғы қоңырау шарасы мектепте ұйымдастырылды.
«Биыл аудандағы 30 мектептің 420 түлегі үшін соңғы қоңырау соғылды. Оның ішінде «Алтын белгіге» үміткер – 68, «Ерекше үлгідегі аттестат» – 25 оқушы.
Айта кетейік, Ақын Сара атындағы орта мектептің түлегі Әділбек Аружан Халықаралық пән олимпиадасында топ жарып, Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне биология пәні бойынша грант иегері атанды.
6 мамырдан бастап 11 сынып түлектері үшін ҰБТ тапсыру басталды.
Қазіргі жағдайға байланысты бірқатар шектеулер болып, санитарлық талаптар қатаң сақталады.
«Мектеп бітіруші түлектердің және ұстаздардың қауіпсіздігіне айрықша екпін қоямыз. медициналық маска тағу міндетті болады. Арақашықтықты сақтау үшін арнайы белгілер қойылады», - дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Панар Ануарбекқызы.