«Біз, яғни қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жөніндегі жұмыс тобы, 2 апта бойы Алматы облысының 9 ауданын аралап, жиындар өткіздік. Тұрғындар Елбасының бастамасын қолдап отыр. Міне, күні кеше ғана Президент қазақ әліпбиін кирилицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл - тарихи шешім. Енді біздің жұмыс тобымыздың жоспары өзгереді. Алдағы уақытта біз аудандарды жаңа әліпбиді түсіндіру бойынша аралаймыз», - дейді облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Айдар Кәрбозұлы.
Жиынға қатысқандар да өз ойларын ортаға салды. Тіл оқыту орталығының қызметкері Жанар Әлмұхаметқызының айтуынша, алдағы уақытта 26 қазан мемлекеттік мерекелердің қатарынан көрінуі мүмкін.
«Біз - тарихи сәттің куәгерлеріміз. Болашақта 26 қазан еліміздегі ең мерейлі мерекелердің бірі болады деп ойлаймын. Әліпби ауыстыру - рухани жаңғыруымыздың жарқын бастауы. Бұл әліпбимен біз Алаш арыстарының еңбектерін түпнұсқада оқитын боламыз. Ал, түпнұсқа мен аударманың арасында айырмашылық болатыны бесенден белгілі. Өшкеніміз жанды деген осы», - дейді Тіл оқыту орталығының қызметкері.
Айта кетелік, жаңа әліпби бойынша 32 әріп бар. Енді осыған дейін қолданылып келген тіл ережелері өзгеріске ұшырайды. «Бұл - нақты сала мамандарының жұмысы болмақ. Ал, біз жаңа әліпбиді қолдаймыз!» деп тарқасты жиналғандар.
Айта кетелік, «Талдықорған ақшамы» газетінің соңғы 2 нөмірінде 2 материал латын графикасымен жоба ретінде берілген болатын. Халықтың көзін үйретуге арналған бұндай жұмыстар газет бетінде алдағы уақытта да жалғаспақ.