Талдықорғанда жедел жәрдем қызметіне жүгінушілер саны күрт өсті

None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Талдықорғанда жедел жәрдем қызметіне жүгінушілер саны күрт өсті. Өткен тәуліктің өзінде 512 қоңырау түскен. Оның 300-ге жуығы балалар денсаулығына шағымданып хабарласқан, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қазір қала бойынша 16 бригада жұмыс істесе, оның 2-еуі балаларға қызмет көрсетуде. Талдықорған қалалық жедел жәрдем қызметі директорының орынбасары Гүлнәр Байғазинованың айтуынша, 16 бригада Талдықорған қаласы мен қатар шаһарға қарасты саяжайлар мен ауылды жерлерге қызмет көрсетеді. 

«Бізде Талдықорған қаласы бойынша 167 мың адам тіркеуде тұр. Одан өзге біз  Еркін, Көктал, Ынтымақ, Мойнақ, Еңбек ауылдарымен қатар,  Қызылтас, Ұйтас саяжайдың тұрғындарына қызмет көрсетеміз. Қазір қала бойынша  вирустық инфекция жүріп жатыр. Қоңырау шалушылар саны өте көп. Сәл кешігіп жатқанымыз да сондықтан», - дейді Г.Байғазинова.

Сол себепті дәрігерлер, баланың не болмаса ересек адамның ыстығы көтеріліп, мазасы қашса аспирин сынды дәрілерді қолдануға кеңес береді. Және сұйықтықты көбірек ішкен дұрыс дейді.

Айта кету керек, биылғы тұмаудың белгісі де ерекше. Халық «дене қызуының қатты көтерілуімен қатар, лоқсып-құсамыз» деп шағымдануда. Жедел жәрдемді 40 минут күткен талдықорғандық Яна Ломанкова «4 жастағы қызым осылай ауырды» дейді.