Талдықорғанда Жетісу аспанын бағындырған ару тұрады

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - 22 жастағы бойжеткен парапланмен ұшу спортын қолға алған өңірдегі бірден бір нәзік жан, деп хабарлайды «Қазақпарат» тілшісі.


Аспанда қалықтауға бала кезінен іңкәр болған суретші қыздың есімі бүгінде Алматы облысында кеңінен мәлім. Эмилия Купбаева әрбір әуеге ұшуға тыңғылықты дайындалады. Мұндай жағдайда желдің соғысы, ауа ағысы сияқты құбылыстардың бәрі маңызды. Спортшы ұшу бағытын соған қарап бағамдайды. Парапланмен айналысқанына бір жыл болған ару үшін бұл хобби. Дегенмен ол әуеге көтерілген кезде бір демалып қалатынын айтады. Ештеңе ойламай, қалықтап, қиялға қанат бітіруге болатынын жасырмайды.
 

Эмилия бір жылда бірталай жетістікке қол жеткізген. Парапланерлер додасында ел чемпионатында үздік атанып, халықаралық сайысқа жолдама алды. Қазіргі таңда Албанияда өтетін әлем чемпионатына дайындалып жатыр. Жаттықтырушысы әрі облыстық парапланерлер клубының жетекшісі Игорь Вершкидің айтуынша халықаралық додаға Алматы облысынан бес адам қатысады. Қатарында Эмилия Купбаева да бар. Экстрималды спорт өңірде жақсы дамып келеді. Талдықорғаннан 20-ға жуық парапланерші бар. Ал аспанға аңсары ауып тұратын нәзік қыздың негізгі кәсібі сурет дизайнерлік өнер. Ол жиһаздардың жаңа түрлеріне әр береді. Бала кезінен сурет салуға құштар болған нәзік жандыны еліктіретін көк аспан. Сұңқар құстай қанат қағып, биікте самғау арқылы жетісулық ару өз армандары мен мақсаттарына жерде де қол жеткізуге болады деген пікірде.