Анастасия Руденконың денесін құтқарушылар Қаратал өзенінен тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Қаратал өзенінің арнасымен қайықпен жүзіп келе жатқанда, өзен бойындағы аралшықтардың бірінен баланың мәйіті табылды. Ата-аналардан балаларды алысқа жібермеуді, оларды судың жағасында қараусыз ойнатпауды сұраймыз", - дейді Алматы облыстық ТЖД-ның ресми өкілі Азамат Жұртбаев.
2 жастағы Анастасия Руденко үйдің үлкені. Балықты өзенінің маңында тұратын кішкентай қыз үйінің ауласында ойнап жүріп, жоғалып кеткен болатын. Оны іздестіруге 60-тан астам адам жұмылдырылды. Еріктілер де белсене араласты. Алайда, оқиға қайғымен аяқталды. Бұл Алматы облысында болған алғашқы жағдай емес. Биылдың өзінде 5 адам суға батып, қаза болды.