Талдықорғанда зиялы қауым өкілдері Ілиястың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Бүгін Талдықорғанда өңір басшылары мен зиялы қауым өкілдері саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, Ілияс Жансүгіров ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Еске алу жиынына ақынның немере қарындасы Нұрпан Жансүгірова да келіп, есте қалған сәттерімен бөлісті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әкем жалқау болатын. Ілияс Жансүгіров сен жалқаулыққа бой алдырма деп әкемді үш класс білім алуға септігін тигізді. Кейін шопырдың оқуын оқытты. Ол кезде ең тез меңгеретін мамандық жүргізуші болатын. Содан әкем 60 жыл көлік жүргізді. Қандай жақсы, қандай білімді, қандай ақылды адамдардың бәрі Ілияс атамыз сияқты кетті ғой. Ілияспен Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин бірге жүрген. Үшеуі жолдас болған екен»,- деді Ілияс Жансүгіровтің немере қарындасы Нұрпан Жансүгірова.

Алаш арысы, суреткер ақын І. Жансүгіров 1937 жылы тұтқындалып, жарты жыл абақтыда азапталды. Ал ақпанда оққа ұшты. Ғалымдардың айтуынша Ілияс Жансүгіровтың нақты қай жерде жерленгені әлі белгісіз. Ал Жаңалық ауылының маңында жатыр деген тек болжам ғана. Ілияс танушылар қаламгердің шығармашылығы мен өмірі әлі де терең зерттеуді қажет етеді деген пікірде. Жалпы, Алматы облысында 8 мыңнан астам адам жазықсыздан жазықсыз атылып кетті.

19:06