Талдықорғандағы наркодиспансердегі өрттің шығу себебі кейінірек ресми түрде мәлімделеді - Вице-премьер

АСТАНА.  Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Талдықорғандағы наркодиспансерде болған өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында вице-премьер Серік Ахметов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекеттік комиссия жергілікті жерде оқиғамен танысты.  Ауруханаға барып зардап шеккендермен кездесті, бірқатар отбасыларымен жолықты. Мемлекет басшысының, Үкіметтің атынан қаза тапқандардың туған-туысқандарына көңіл айтылды. Сол күні (қыркүйектің 13-і - ред.) мемлекеттік комиссияның отырысы өткізілді. Онда облыстық барлық қызметтердің басшылары тыңдалды. Үкіметтік комиссияда өрттің шығу себебін анықтау үшін нақты тапсырмалар берілді, факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір осы трагедияның себебі зерттелуде», деді С. Ахметов.

Вице-премьер осы факті бойынша  комиссия өрттің шығу себебін кейінірек ресми мәлімдейтінін атап көрсетті. «Комиссия қаза тапқандарды жерлеуге назар аударуда. Барлық  материалдық қаржылармен қамтамасыз етілді. Облыс әкімі облыстық шұғыл штаб құрды. Сейсенбіден бастап қаза тапқандарды жерлеу басталады. Қаржы бөлу және зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету үшін бүгін мәслихаттың отырысы өтеді», деді С. Ахметов.

Оның айтуынша, трагедия қыркүйектің 13-і күні сағат 5.30-да болған. Өрт 1951 жылы салынған наркодиспансерде орын алған. Бұл ғимарат каркас-қамыстан салынған. Сағат 9.03-те өрт толығымен ауыздықталған. «Өрт кезінде  ғимарат ішінде 78 адам болған. Талдықорғанның өртке қарсы қауіпсіздік қызметі 41 адамды құтқарды. Оның ішінде 10 адам қазір ауруханада, екеуі ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. 8-інің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Өкінішке қарай, өрт кезінде 37 адам қаза тапты. Негізінен олар иіс тиіп уланғандар», деді вице-премьер.