Талдықорғандағы өртке байланысты қылмыстық іс қозғалды

АСТАНА. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Талдықорғанда болған өрт бойынша әзірге алдын ала жорамалдар бойынша екі себеп қарастырылуда. Бұл туралы бүгін Үкіметте өтіп жатқан селекторлық кеңесте ҚР ішкі істер министрі Серік Баймағамбетов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, аталған өрт мәселесі бойынша құрылған Үкіметтік комиссияның құрамында тергеу комитетінің төрағасы да бар. Қазіргі кезде ол Талдықорғанда. «Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Өндірісті ішкі істер министрлігінің тергеу комитеті жүргізуде. Тексеру шаралары жүргізілгеннен кейін тиісті тергеу жұмыстары жасалады», деді министр.

Әзірге алдын ала бұл өрт фактісі бойынша екі себеп қаралып жатқанына тоқталған С. Баймағамбетов «Бұның біріншісі адам факторына байланысты. Яғни, темекі немесе басқа себеп-салдар. Ал екіншісі электр желілерінен болуы мүмкін» деді.

Министр әзірге өртті қасақана ұйымдастыру фактісі жоққа шығарылып отырғанын айтып өтті.