«Егер тергеу амалдарының нәтижесінде тек менің орынбасарым емес, Талдықорған қаласы әкімінің, оның білім саласындағы орынбасарының, облыстық басқарма басшысының тікелей және жанама қатысы бар екені анықталса, онда оны заң шеңберінде қарауға әзірмін. Дәл қазір менің қолымда қызметінен алып тастауға негіз болатын нақты айғақтар жоқ. Сондықтан 7-8 ай бұрын қызметіне кіріскен облыс әкімінің орынбасарын алып тастау туралы шешімді қабылдауға әлі ерте. Уақыт көрсетеді, бірақ шығуы мүмкін. Мысалы, білім бөлімінің бухгалтері, экономисі не болмаса мектеп бухгалтерлері емес, оның ар жағында басқа адамдардың да фамилиялары аталуы мүмкін. Ол да болуы мүмкін», - деп жауап қатты Бейбіт Исабаев.
Еске салайық, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Жетісу облысының прокуратурасының үйлестіруімен Талдықорған қаласының білім бөлімінің қызметкерлерін ұстады.
Аталған азаматтарға білім беру саласында іс жүзінде жұмыс істемейтін үлестес тұлғалардың пайдасына жалақы түріндегі өтеусіз қаржы аудару жолымен аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жүйелі негізде ұрлады деген айып тағылып отыр. Алдын ала келтірілген залал сомасы шамамен 2 млрд теңгені құрады.
Кейін бұл іске қатысты тергеу нәтижесінде жаңа деректер анықталды. Атап айтқанда, Талдықорған қаласы білім бөлімінің басшысы бюджет қаражатын ұрлау фактілерін жасырғаны үшін қарамағындағылардан 280 млн теңге пара алды деген күдікке ілінді.