Талдықорғандық тұтынушылар жан басына шаққандағы электр қуатының лимитін қайта қарауға қол жеткізді
Бұл туралы Талдықорған прокуроры Бауыржан Сауғабаев хабарлады.
Оның айтуынша, монополияға қарсы ведомство 2009 жылы 17 қарашада Максимальды тариф бойынша ақы алынатын электр қуатының тұтыну лимитін бекіту туралы бұйрық шығарған болатын.
«Талдықорғандықтар үшін бұл лимит 70 кВт/сағат мөлшерінде, аудан тұрғындары үшін - одан 20 кВт/сағат аз мөлшерде анықталған еді. Егер тұтынушы лимиттен аспаса, ол 1 киловат қуат үшін 12,16 теңге төлейтін, ал асып кетсе, максимальды тарифпен - 14,81 теңге төлейтін», деп түсіндірді Б.Сауғабаев.
Ұзаққа созылған сот ісінен кейін, тараптар өзара бітімгершілік келісімге келді. Соған орай департамент қолданыстағы заңнамаға сәйкес Қоғамдық кеңеспен бірге бірлескен іс-шаралардың жоспарын жүзеге асыратын болды.