500 жас "U" əрпі мен "2017" санын жазды. Осылайша олар əлемдік деңгейдегі додада бақ сынасатын біздің спортшыларымызға өз құрметтерін көрсетті.
Айта кету керек, Алматы облысынан 6 спортшы Универсиадаға қатысып, ел намысын қорғайды. Қазір облыс орталығында Алау эстафетасын алып жүру шарасы өтіп жатыр.
Салтанатты шараны ашқан облыс басшысы алаугер атанып, маңызды миссияны ауыр атлетикадан Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Карина Горичеваға табыс етті. Жастар саябағынан басталған шарада 60 адам Универсиада Алауын ұстап жүру құрметіне ие болды. Олардың қатарында спорттық додаларда ел намысын қорғап, көк байрағымызды көкке желбіретіп жүрген жандар да бар.
Атап айтсақ, Халықаралық жарыстардың жеңімпазы, боксшы Жәнібек Әлімханұлы және Риода өткен Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаева, грек-рим күресінен Әлем чемпионатының қола жүлдегері, XVII жазғы Азия ойындарының жеңімпазы, Әлем және Азия чемпионы, Рио-де-Жанейрода өткен XXXI жазғы Олимпиада ойындарына қатысушы Нұрмахан Тінәлиевтер алаугер болады. Сондай-ақ Алау эстафетасы "Көшбасшы -2016" байқауының он жеңімпазына тапсырылып отыр. Олардың арасында "ҚазАқпарат" ХАА-ның Алматы облысындағы меншікті тілшісі Самал Қабышева бар.
Эстафета Талдықорған қаласының Балапанов көшесінен басталып, Қонаев көшесінің бойында аяқталады. Аталған шараны 25 мың көрермен тамашалауда. Ал əр алаугер 200 метр жерді жүріп өтеді.