Ришад Тұрғанбаевтың республикалық байқаудағы бұл алғашқы жеңісі. Білікті маман, кәсіби журналист халыққа спорт саласын насихаттап, аянбай еңбек етуде. Өзіндік қолтаңбасы бар спорт тілшісі «Қазақстан барысы» сынды мәртебесі жоғары додаларда комментатор қызметін абыроймен атқарып жүрген маман. Ол соңғы 15 жылдан бері облыстық «Жетісу» газетінде тілші болып істейді.
«Бала кезімнен спорт журналисі болсам деп армандайтынмын. Қазақ спорт журналистикасының негізін қалаушы Сейдахмет Бердіқұловтың көптеген кітаптарын оқып, сол кісіге қарап бой түзейтінмін. Талай шәкірттерді ерткен ұлы ұстаз, спорт журналистерінің ұстаханасына айнала білген ерен тұлғаның атындағы сыйлыққа ие болу, әрине мен үшін орны бөлек бақыт, мәртебе», дейді жеңімпаз Ришад Тұрғанбаев.
Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегері атанған тілші бұл байқауға 10 жуық мақаласын жіберген. Басым бөлігі - Рио Олимпиадасында жазылған материалдар. 3 баланың әкесі, Жетісу мемлекеттік университетінің «журналистика» мамандығының түлегі Ришад алғашқы еңбек жолын ұстаздықтан бастаған. Алматы облысы, Қаратал ауданының тумасы туған жерінде бірнеше жыл «Информатика» пәнінің мұғалімі болып, шәкірт тәрбиелеген.
Айта кету керек, дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлық Ришад Тұрғанбаевтан өзге Ғабит Сапарбековке (Шымкент қаласы, «Оңтүстік Қазақстан» газеті) бұйырды. Ал орыстілді тілшілер арасында жүлдені Павел Цыбулин (Астана қаласы, «ҚазСпорт» телеарнасы) қанжығасына байлады.
Жүлдегерлерді марапаттау рәсімі алдағы күндері белгілі болады.