Талдықорғандықтар Сақ мәдениетімен танысты

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда «Сақ мәдениеті» атты көшпелі көрме есігін ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі экспонаттарын М. Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне алып келді. Көрме «Жетісу жартас суреттері», «Алтын адамның құпиясы», «Пазырық кілемі», «Өрнек олжалары» мен «Ақсудың ақиығы-Бекен Нұрмұханбетов» атты бес бөлімге бөлінген.
 

Алматы облысы тұрғындарының назарына тұңғыш рет Алтайдан табылған дүниедегі ең көне кілем «Пазырық кілемінің» көшірмесі ұсынылды. Бұл жәдігер Есік қорық-музей археологтарының зерттеу жұмыстары кезінде табылған.

Сондай-ақ, бұл жерге Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Өрнек ауылының маңындағы сақ қорымдарынан табылған қазыналар қойылған. Музейде Жетісу өңірінің тумасы атақты «Алтын адамды» тапқан Бекен Нұрмұханбетовтің өмірі мен қызметіне арналған арнайы бөлім де бар.
 

Есік қорық-музейінің өңірді аралап, көшпелі көрме өткізуінің басты мақсаты - тарихы терең Жетісу өңірінің бай мұраларын көпшілікке таныстырып, жәдігерлерді сақтап қалуға, қорғауға шақыру.
 

Елбасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» салалық мақаласы аясында қолға алынған шара  Талдықорғанда бір ай жалғасады.