Науқастың жағдайы күннен-күнге нашарлап барады. Бүйрек әлсіздігінен қан қысымы жиі көтеріліп, талып қалатын жағдайға жеткен. Ол күні кеше ғана қалалық көпсалалы аурухананың жансақтау бөлімінде жатып, беті бері қарады. Енді бойжеткеннің өмірі гемодиалез аппаратына (бұл қанды бүйректен тыс тазарту әдістерінің бірі) тәуелді.
Ал Бижамал Есенбаеваның анасынан басқа жақын туысы жоқ. 63 жастағы анасы донор болуға ниетті. Алайда, денсаулығы жарамайды. Егер ол донор кезегіне тұрса, бірнеше жыл күтуі қажет.
Бижамалды емдеген дәрігер-нефрелог Фарида Аблеева уақыт оздырмай науқастың бүйрегін ауыстыру қажет деп отыр. Себебі, қазір Бижамал енді ғана бастаған гемодиалездің өзін өте ауыр қабылдауда. Қан қысымы көтеріліп, науқас қатты қиналады. Кейде қан қысымы 280-ге дейін көтеріледі. «Бижамалдың бала күнінен бүйрегі ауырады. Дерті асқынып, бүгінде оған терминалды бүйрек жетіспеушілігі (терминальная почечная недостаточность) диагнозы қойылып отыр. Өздеріңіз білесіздер бүйректі сатып алушыға және сатушыға елімізде жаза қатаң. Бес жылға дейін сотталады. Сондықтан Бижамалға өз еркімен бүйрегін беретін донор табылса», - дейді дәрігер.