Талдықорғанның кіреберісі жаңартылады

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанның кіреберісін жаңарту жоспарлануда. Арканың жобасы облыс әкіміне таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірақ өңір басшысы  аталған жобаны түгелдей қайта ауыстыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ, кездесу барысында қаланы және басқа да маңызды нысандарды көркейту жобалары да таныстырылды.

«Кез келген құрылысты жүргізгенде, жобаны дайындау барысында ең алдымен сәулет-құрылыс талаптарына сүйеніңіздер. Егжей-тегжейлі жоспарды ұмытуға болмайды. Құрылыс сызығы, қызыл сызық - мұның бәрі жай ғана терминдер емес, құрылыстың дұрыс, сапалы және үйлесімді салынуының негізі», - деді  А. Баталов.

Сонымен қатар, өңір басшысы газдандыру бойынша нақты тапсырма берді. Мамырда Талдықорғанның бірнеше үйіне табиғи газ қосылады деп жоспарлануда. 

«Сіздер қай үйлер бірінші болып қосылатынын қазірден білулеріңіз керек. Ол үшін жұртшылықпен кездесіп, жиын өткізіп, тариф туралы, қосылудың құны жайлы әңгімелесу қажет. Алдағы газдандыру ісі туралы тұрғындардың барлық сұрақтарына нақты әрі толық жауап беру үшін қолдарыңызда барлық есеп-қисап, нақты айқын цифрлар болуы тиіс», - деді облыс әкімі.

Айта кету керек, Алматы облысының  әкімі Амандық Баталовқа Талдықорған қаласының көліктік инфрақұрылымын одан әрі дамыту, облыс орталығын газдандыру барысын, сол сияқты абаттандыру шаралары жайлы жоспарлары таныстырылған болатын.