Талеб Рафаи Қазақстан Үкіметінің отырысына қатысады

АСТАНА. ҚазАқпарат -  БҰҰ Бүкіләлемдік туристік ұйымның бас хатшысы Талеб Рафаи Қазақстан Үкіметінің отырысына қатысады. Бұл жайында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Үкіметтің ертеңгі отырысында Қазақстандағы туристік қызетті дамыту тұжырымдамасын талқылайтын боламыз. Талеб Рифаи Үкіметтегі біздің отырысымызға қатысу үшін кестесіне өгеріс енгізді. Әрине, біздер үшін Үкіметтің отырысына Бүкіләлемдік туристік ұйым басшысының қатысуы зор мәртебе», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы «ЭКСПО-2017» медиа орталығында өткен баспасөз мәслихаты барысында.

Айта кетейік, Қазақстан Үкіметінің салалық мәселелері көтерілетін отырысына әдетте Қазақстанда тіркелген халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады. Ал БҰҰ агенттіктері басшыларының қатысуы сирек кездесетін оқиға десек те болады.

Талеб Рифаи ЭКСПО-2017 алаңында өтіп жатқан туризм және болашақ энергиясына арналған халықаралық конференцияға қатысуда. Алқалы жиынға халықаралық және отандық үкіметтік емес ұйымдардың, 150 елдің салалық министрліктерінің, туристік агенттіктердің  700-ден астам өкілдері қатысуда.