Талғарда пробациялық бақылауды бұзғандарға үкім шықты

ҚОНАЕВ.KAZINFORM — Талғар қаласында «Профилактика 365: заң бұзушылыққа бірлесе қарсы тұру» жобасы аясында ашық сот отырыс өтті.

Фото: Kazinform

Қайта қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу аясында аудан прокуратурасы, сот және пробация қызметі Талғар қаласының Мәдениет үйінде пробация есебінде тұрған және шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 200-ден астам адамның қатысуымен сот процестерін ұйымдастырды.

Талғар аудандық сотының қаулысымен пробациялық бақылауды қасақана бұзған екі В. және А. орта қауіпсіздік мекемелеріне өтелмеген мерзімінің бір бөлігін өтеуге жіберілді. Сот бұрын ​оларға ұрлық пен тонау ісі үшін бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарған.

«Үйде түнгі уақытта болу түріндегі заңнамалық шектеулерге, ойын-сауық мекемелеріне баруға және пробация қызметіне ескертусіз аудан аумағынан шығуға тыйым салынғанына қарамастан, аталған адамдар басқа өңірлерде, соның ішінде түнгі уақытта да заңды бірнеше рет бұзған», — деп хабарлады облыстық прокуратура.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында алиментке 2,7 млн қарыз азамат қамауға алынғанын жазғанбыз.